25 қазан - Республика күніне орай мектеп мұғалімдері арасында волейболдан Қаратау ауданы әкімінің кубогына арналған турнир өтуде. Бүгін жарыстың ашылу рәсімінде аудан әкімі Рақымберді Мүлкеманов көпшілікті мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Іс-шараның мақсаты - саламатты өмір салтын, бұқаралық спортты насихаттау. Аудан мектептері арасында өзара ынтымақтастықты арттыру. Турнирге аудан аумағындағы 20-ға жуық мектеп командалары қатысуда. Биылғы дәстүрлі сайыста қатысушылардың қатары артып отыр.
Барлық қатысушылар Алғыс хаттармен марапатталды. Ал, жеңімпаз командаларға аудан әкімінің арнайы кубогі және жүлде қорлары табысталады.
Аудан әкімі турнир қатысушыларына алғысын білдіріп, аталған бағыттағы іс-шара жалғасын табатынын атап өтті. Айта кетсек, жарыс жеңімпаздары бүгін анықталады.
«Шымкент келбеті»